19
қыркүйек
2022
«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі»
19 қыркүйекте Алматы қаласы Түрксіб ауданы №142 ЖББ мектепте «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты тілдер мерекесіне және ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай ұйымдастырылған онкүндіктің
ашылуы мектебіміздің акт залында өтті. Іс-шараның мақсаты: Оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін ояту, тіл тазалығын сақтау, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге ат салысуға шақыру. Ана тілімен қатар өзге тілдерді де үйренуге баулу. Қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени, тарихи өмірінде орны айрықша зор тұлға -Ахмет Байтұрсынұлының халықтық тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде оқушылар бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту; ақын, қоғам қайраткері, педагог-ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу.
“Әнге әуес, күйге құмар бала- жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді” деп Мұхтар Әуезов айтқандай, осы мерекелік кешіміздің алғашқы шымылдығы музыка пәні мұғалімі А.К.Оразалиеваның ұйымдастыруымен «Балбырауын» ансамблінің орындауындағы “Ерке сылқым” күйімен ашылды. “Тіл жеткізбесті ән жеткізері де бар” дегендей, «Өз елім» әнін айтып өнер көрсеткен 4 “В”сынып оқушысы Сәлімбай Зере мен анасы Тлеубайқызы Тамара көрермендердің ықыласына бөленді. Репрессия құрбаны болған А. Байтұрсынұлының тағдырынан сахналық көрініс көрсетілді. Оған мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысып актерлік шеберліктерімен бар көрерменді тамсандырды.Ақынның ролін сомдаған Болысбаев Абай Асхатұлы, ал анасының ролін сомдаған Кабышова Нуркамал Уалихановна. Баласын сағынған анаға Ахмет атасынан хат келгеніне қуанып сүйінші хабарды жеткізіп, қуанышы қойнына сыймай жүгірген 4 в сынып оқушысы Сәлімбай Зере де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оқушыларымыз ұлы тұлғалардың тіл туралы және Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Олар
9 “Ә” сынып оқушысы: Абзалқызы Аяулым – М.Мақатаев «Үш бақытым»
6 “Ә” сынып оқушысы: Сейсенбек Мерей – А.Байтұрсынов «Кісі мен көлеңке»
7 “Б” сынып оқушысы: Кенжеш Мағфира – М.Жұмабаев «Қазақ тілі»
Өз ана тілін білумен қатар, өзге тілдерді де жүйрік білетін оқушыларымыз да арамызда көп. Сол оқушыларымыздың бірі 4 «Е» сынып оқушысы Дудочка Александра қазақша ән шырқап, өз өнерін ортаға салды. Ана тілімізді ұлықтайық, озық ойлы өзге тілдерді де үйренуді ұмытпайық. Мектептегі тілдер мерекесіне арналған онкүндікке белсене қатысып, тіл жанашырлары болған әр ұстазға, оқушыға алғысымыз шексіз.
Онкүндіктің ашылу салтанаты жоғары деңгейде, әрі әсерлі өтті.



